Ақтау – Дубай бағытындағы ұшулар 2026 жылғы 29 тамызға дейін уақытша тоқтатылды. Жолаушыларға билет құны толық көлемде қайтарылады.
FlyArystan әуе компаниясы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, бұл шара қауіпсіздік ахуалына байланысты енгізілген. Осы бағыттағы барлық рейстер кестеден алынып тасталды.
Күші жойылған рейстердің жолаушыларына билет құны толық көлемде, айыппұлсыз қайтарылады. Қаражатты қайтару рәсімі билет қай арна арқылы сатып алынғанына байланысты жүзеге асырылады.
Ресми сайт немесе мобильді қосымша арқылы билет алған жолаушылар броньға өзгерістерді онлайн өз бетінше енгізе алады. Ал туристік агенттіктер немесе басқа да сату арналары арқылы алынған билеттер бойынша сол орындарға жүгіну қажет.
Компания мәліметінше, рейстер қауіпсіздік жағдайы тұрақталғаннан кейін қайта жандандырылатын болады.
