Ақордада төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Рәсім барысында Мемлекет басшысына:
– Кувейт Мемлекетінің елшісі Адель Ахмед Сулайман Әл Гунайман,
– Моңғолия елшісі Гунаажавын Батжаргал,
– Монако Княздігінің елшісі Мирей Мартини,
– Эль-Сальвадор Республикасының елшісі Юрий Павел Сантакрус Пердемолар сенім грамоталарын табыстады.
Президент дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елде «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ білім, инновация және жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріліп отыр. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық елдермен өзара тиімді және теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын жеткізді.
Сонымен қатар ол келесі аптада елде бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өтетінін айтты. Атап айтқанда, Қазақстанға Моңғолия Президенті ресми сапармен келеді. Бұдан бөлек, Астанада БҰҰ аясында Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырылып, Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
Президент Қазақстанның ашық нарықтық экономиканы дамытуға және шетелдік инвестиция тартуға мүдделі екенін атап өтті.
