Қостанайда лицензиясы жоқ микроқаржылық қызметпен айналысып, 1 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс тапқан жергілікті тұрғын 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Азамат OLX пен Instagram арқылы банктерден несие ала алмай жүрген адамдарды тартқан. Ол кепілге мүлік қойғызып, жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін ауыр шарттармен ақша беріп отырған.
Нотариус арқылы жасалған келісімшарттарда несиенің нақты сомасы емес, үстінен қосылған пайыздар мен ресімдеу шығындары бірге көрсетілген.
Мысалы, жәбірленушілердің бірі қолға 9 млн теңге алғанымен, құжатта 14 млн теңге деп жазылған. Кейін оған ақша берілмей-ақ, 18 млн теңгеге жаңа келісімшарт жасалып, сот арқылы 26 млн теңге өндіріп алынған.
Заңсыз әрекеттен 50-ден астам азамат зардап шекті.
Сот шешімімен қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған:
- 4 пәтер мен 2 жер учаскесі;
- 3 автокөлік: Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe мемлекет кірісіне тәркіленді.
