Астанада полицейлер тендерлік жобаларға инвестиция салу сылтауымен бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстады. Жалпы шығын көлемі шамамен 35 млн теңгені құрады.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті TikTok және Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табысты инвестициялар ұсынылған хабарландырулар жариялап отырған.
Қызығушылық танытқан азаматтарды ол бейнеқоңыраулар арқылы сендіріп, сеніміне кірген. Ресми жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, тіпті қысқа мерзімде салынған қаражатты жоғары пайдасымен қайтаруға уәде беріп, нотариалды куәландырылған келісімшарттар жасасқан.
Уәдеге сенген жәбірленушілер оған ірі көлемде ақша аударған. Дегенмен, күдікті өз мойнына алған міндеттемелерді орындамай, түскен қаражатты өз қалауынша жұмсаған.
Қазіргі уақытта тергеу 11 жәбірленушіні анықтады. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 35 млн теңгені құрап отыр.
Полиция өкілдері күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстық әрекеттің ықтимал қосымша эпизодтарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылып жатыр», — деп хабарлады полиция.
Полиция азаматтарды сергек болуға және кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеуге шақырады:
«Ақша салмас бұрын ұсынылған инвестициялық жобалар туралы ақпаратты мұқият тексеріңіздер, біреудің үгіт-насихатының ықпалымен қаржылық шешім қабылдамаңыздар және сөздері қаншалықты сенімді болып көрінсе де, аз танитын адамдарға ақша аудармаңыздар», — деп ескертті құқық қорғау органдары.
