2025 жылғы 9 шілдеде Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты 3,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты жымқыру ісі бойынша алдын ала тыңдалым өтті.
Тыңдалым барысында айыпталушы Перизат Қайрат пен оның қорғаушысы істі жабық түрде қарау туралы өтініш білдірді.
Прокурор істің белгілі бір бөлігі — нақтырақ айтқанда, айыпталушыларды тергеу және кейбір құжаттарды зерттеу бөліктерін жабық форматта қарауды қолдады. Ол мұны жәбірленушілердің мүддесімен және материалдар құрамындағы құпия ақпарат пен банк құпиясының болуымен түсіндірді.
Жәбірленушілердің бір бөлігі бұл өтінішті қолдаса, екінші бөлігі шешімді соттың қарауына қалдырды.
Тараптардың уәждерін тыңдағаннан кейін, сот процессті ашық форматта өткізу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне қатысуға және фото-видео түсірілім жасауға рұқсат берілді, алайда түсірілімге келіспеген айыпталушылардың бейнесін түсіруге тыйым салынды.
Дегенмен, жәбірленушілердің жеке мәліметтері мен банк құпиясын сақтау мақсатында айыпталушыларды тергеу және құпия құжаттарды қарау соттың жабық отырысында жүргізілетін болды.
Іс бойынша басты сот отырысы 2025 жылғы 14 шілдеге белгіленді.
