Оқиға 2 сәуір күні шамамен сағат 16:50-де Құрманғазы көшесі бойындағы «Кафетерия» маңында болған. Жәбірленушілердің айтуынша, белгісіз топ көшеде ақша сұрап, бас тартқан жағдайда агрессия танытқан.
Зардап шеккендердің сөзінше, оларды балағаттап, шаштарынан тартып, тырнап, тас лақтырып, тіпті әйнек бөтелкемен соққы жасаған. Сондай-ақ заттарын тартып алып, үстілеріне сұйықтық шашқан. Жәбірленушілер дәмханаға кіріп паналағанымен, күдіктілер сол жерге де келіп, жанжалды жалғастыруға тырысқан.
Аталған дерек бойынша полицияға бірнеше шағым түскен. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тексеру жүргізіп, кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтаған.
Белгілі болғандай, жасөспірімдер Тәжікстан азаматтары болып шықты. Олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Полиция мәліметінше, заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, оларға қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес ел аумағынан шығару шаралары қарастырылып жатыр.
