Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдап, саладағы өзекті бағыттар мен алдағы жоспарларды талқылады.
Кездесу барысында министр Президентке ғылым мен жоғары білімді дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалардың жүзеге асу барысын баяндады. Атап айтқанда, жаңа Конституция аясындағы білім мен ғылымның әлеуеті, адам капиталын дамытуға арналған экожүйе қалыптастыру және таланттарды қолдау тетіктері таныстырылды.
Сонымен қатар, еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға сұраныс болжамы ұсынылды. Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделі енгізілмек.
Министр AI-Sana бастамасын ілгерілету және AI-Enabled University жобасын іске қосу жоспарымен де бөлісті. Бұл жоба білім беру мен өндірісте жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға бағытталған.
Сондай-ақ инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтарын құру, DeepTech және күрделі өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстар қолға алынғаны айтылды. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен өңір әкімдіктерінің өзара ықпалдастығы ерекше маңызға ие.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, инфрақұрылымды жетілдіру және шетелдік университет филиалдарының жұмысын кеңейту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Сайт әкімшілігі материалды
көшіріп басу кезінде turanaqparat.kz
сайтына тікелей гиперсілтеме
көрсетуді талап етеді