Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын айтты.
Президенттің сөзінше, екіжақты қарым-қатынастың нығаюына Ресей президенті Владимир Путиннің қосқан үлесі зор.
«Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Қазақстан президенті Ресейдің халықаралық саясаттағы рөліне тоқталды.
«Ресей тікелей араласпаса, бірде-бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде Владимир Путин Ресей үшін маңызды тарихи миссияны атқарып отыр.
«Сіз орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз», – деді Қазақстан президенті.
