Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдерінде бір мезгілде алты жұп егіз ағайынды Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Мұндай сирек кездесетін оқиға жас сарбаздардың әскери өмірге тез бейімделуіне, жауынгерлік даярлығын шыңдап, бір-біріне демеу болуына мүмкіндік беріп отыр. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл – тек гарнизон көлемінде емес, жалпы Қарулы күштер қатарында сирек ұшырасатын жағдай.
Егіздердің бірге қызмет етуі жаңа ортаға үйренісуді жеңілдетіп, күнделікті әскери өмірдің қиындықтарын еңсеруге көмектеседі. Олар кез келген тапсырманы жұп жазбай атқарып, жауапкершіліктері мен жауынгерлік рухын нығайта түсуде.
Гарнизондағы егіз сарбаздар:
-
Қонысбай мен Құттыбай Жұмабековтер (Түркістан облысы) — 30212 әскери бөлімінде жаяу әскер жауынгерлік машинасының көздеуші-операторы мамандығын меңгеріп жатыр.
-
Нұрбол мен Айбол Ұлдахандар (Алматы қаласы) — осы бөлімнің автомобиль ротасында КамАЗ автокөлігінің механик-жүргізушісі даярлығынан өтуде. Азаматтық өмірде Нұрбол сәулетшілікке, ал Айбол педагог-журналистикаға машықтанғанына қарамастан, әскери сапта мақсаттары бір.
-
Арсений мен Александр Зайцевтер (Түркістан облысы, Түлкібас ауданы) — 21450 әскери бөлімінде қызмет етуде. Арсений — пулеметші, Александр — гранатаатқыш. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін бауырлар тек сырт келбетімен емес, мінезі мен ауызбіршілігімен де ерекшеленеді.
-
Владимир мен Геннадий Жирновтар (Солтүстік Қазақстан облысы, Тоқыш ауылы) — 82796 әскери бөлімінің артиллериялық бөлімшесінде қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеріп, есептоп құрамында үйлесімді әрекет етуді үйреніп жүр.
-
Ердос пен Елдос Омаровтар (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) — 01098 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ердос — байланыс взводының телефон бөлімшесінде желілік бақылаушы, ал Елдос — сол бөлімшенің жүргізуші-маманы.
-
Даниил мен Станислав Алехиндер (Талдықорған қаласы) — 82796 әскери бөлімінде борышын өтеуде. Даниил — радиотелефонист, Станислав — КамАЗ автокөлігінің механик-жүргізушісі. Бос уақыттарында спортпен және кітап оқумен айналысады.
«Әскери ортада бауырлардың бір-біріне сүйеніш болуы қызмет өнімділігін арттырады. Ортақ мақсат, өзара сенім мен түсіністік тапсырмаларды сапалы орындауға септігін тигізеді. Бұл сарбаздар ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Өмірлік жолдары әртүрлі болғанымен, оларды ел тыныштығын күзетудей ортақ міндет біріктіреді. Бұл — кейінгі жас сарбаздарға өнеге, ал қоғам үшін бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі», – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.
