Астанада Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған қазақстандықтар мен Қытайда білім алып жатқан студенттердің басын қосқан кездесу өтті. «Әдемі Қытайда білім алу – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты бірге нығайтамыз» тақырыбындағы іс-шараны Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен ҚХР жоғары оқу орындары түлектерінің «Достығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Кездесуге Қытайда әр жылдары білім алған түлектер, Қытайдың жоғары оқу орындарында қазір білім алып жатқан және оқуға түскен студенттер, ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдар, білім беру және сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – Қытай жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы байланысты нығайту, білім беру және жастар алмасуын дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі арттыру.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық, Қытайда білім алудың мүмкіндіктері, түлектердің кәсіби әлеуеті және екі ел арасындағы байланыстарды дамытудағы жастардың рөлі талқыланды.
Көбенова: Қытайда білім алған түлектер – маңызды адами капитал
Кездесуде сөз сөйлеген Көбенова Қытайда білім алған қазақстандықтардың тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды адами капитал екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік негізінде дамып келеді. Мемлекеттер арасындағы байланыс экономика, сауда, инвестиция, ғылым, технология, мәдениет және білім беру сияқты көптеген бағытты қамтиды.
«Кез келген мемлекетаралық қарым-қатынас түптеп келгенде тек келісімдер мен институционалдық тетіктерге ғана емес, адамдарға да негізделеді», – деді ол.
Осы тұрғыдан алғанда, Қытайда білім алып, сол елдің қоғамы мен кәсіби ортасын таныған қазақстандықтардың тәжірибесі маңызды.
«Сіздер Қытай университеттерін білесіздер, қытай қоғамы мен кәсіби ортасында өмір сүріп, білім алдыңыздар. Бұл тәжірибе – әртүрлі салаларда қажет болуы мүмкін маңызды адами капитал», – деді Көбенова.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда Қытай Қазақстанның негізгі білім беру серіктестерінің бірі болып отыр. Соңғы жылдары академиялық ұтқырлық, университетаралық ынтымақтастық, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейген.
Қытайда білім алғандардың арасында мемлекеттік секторда, бизнесте, ғылым мен білім беру саласында, халықаралық ұйымдарда және басқа да бағыттарда еңбек етіп жүрген мамандар бар.
«Бүгінгі кездесу тек өткенді еске алатын алаң емес, болашаққа көз жүгіртуге мүмкіндік береді», – деді Көбенова.
Оның айтуынша, түлектер қауымдастығы Қытайда білім алуды жоспарлап отырған жастарға тәжірибесімен бөлісіп, академиялық және ғылыми байланыстарды дамытуға, жаңа кәсіби және іскерлік бастамаларды қалыптастыруға ықпал ете алады.
Көбенова қазіргі таңда Қазақстан алдында адами капиталды, ғылымды, инновациялар мен жаңа технологияларды дамыту міндеттері тұрғанын атап өтті. Осы ретте Қытайда білім алған мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар.
«Бүгінде әсіресе Қытайда білім алған түлектер туралы айту маңызды. Сіздер Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын үлкен кәсіби және зияткерлік ортаның бір бөлігіне айналдыңыздар», – деді ол.
Хань Чуньлинь: Қытайда 191 елден 380 мыңнан астам шетелдік студент білім алды
Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь өз сөзінде Қытайдың шетелдік студенттер үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп келе жатқанын айтты.

Ол Қытайдың халықаралық білім алмасу саласында бұрыннан ашық ел болғанын атап өтті. Елшінің айтуынша, мың жылдан астам уақыт бұрын Тан әулеті тұсында-ақ әртүрлі елдерден жастар мыңдаған шақырымды артқа тастап, Чанъаньға білім алуға барған.
Бүгінде бұл дәстүр жаңа деңгейде жалғасып отыр.
«2024–2025 оқу жылында Қытайдың 30 провинциясында, автономды аудандары мен орталық бағыныстағы қалаларында орналасқан 1100-ден астам жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институты және басқа да білім беру мекемесінде 191 ел мен өңірден 380 мыңнан астам шетелдік студент білім алды, тағылымдамадан өтті және кәсіби даярлықтан өтті», – деді Хань Чуньлинь.
Оның айтуынша, Қытайда білім алу шетелдік жастар арасында жыл сайын танымал болып келеді. Қытай бүгінде сапалы білім алуға ғана емес, кәсіби және жеке дамуға мүмкіндік беретін бағыт ретінде қарастырылады.
Елші Қытайда білім алудың ерекшелігі тек оқу бағдарламаларымен шектелмейтінін айтты. Студенттер елдің әртүрлі өңірлерін аралап, жергілікті қоғамдастықтармен танысып, кәсіпорындар мен мәдениет нысандарына барып, қазіргі Қытайдың даму барысын өз көзімен көре алады.
Қытайда білім алу – дәстүр мен технологияны қатар тану мүмкіндігі
Хань Чуньлинь Қытайда оқу көне өркениет пен заманауи технологиялардың қатар дамуын көруге мүмкіндік беретінін айтты.
Оның сөзінше, бес мың жылдық тарихы бар Қытайда тарихи және мәдени мұра заманауи жетістіктермен қатар өмір сүреді. Ұлы Қытай қорғаны, Бейжіңдегі Тыйым салынған қала, Сианьдағы Терракот әскері, Дуньхуандағы Могао үңгірлері сияқты тарихи орындармен бірге елде жоғары жылдамдықты теміржол желісі, 5G технологиясы және цифрлық төлемдер кеңінен қолданылады.
«Қытайда болған кезде көне өркениеттің бай мұрасы мен заманауи жетістіктердің тоғысуынан пайда болған ерекше құбылысты әр қадам сайын сезінуге болады», – деді елші.
Ол Қытайдың білім беру жүйесінде де жаңа бағыттардың көбейіп келе жатқанын атап өтті.
QS World University Rankings 2025 рейтингі бойынша Қытай құрлығындағы бес жоғары оқу орны әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірген.
Шетелдік студенттер үшін академиялық дәреже беретін және дәреже бермейтін бағдарламалардан бастап жоғары және кәсіптік білімге дейінгі түрлі оқу форматтары ұсынылады.
Сонымен қатар мамандықтар тізімі де кеңейіп келеді. Қытай тілі мен дәстүрлі қытай медицинасы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жасанды интеллект, үлкен деректер және жаңа энергетика сияқты перспективалы салалар бойынша білім алу мүмкіндігі бар.
Елші қазақстандық студенттерге үш кеңес берді
Хань Чуньлинь Қытайда білім алып жатқан қазақстандық жастарға үш негізгі бағыт бойынша кеңес берді.

Біріншіден, ол студенттерді білім мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруге шақырды.
«Қытайда білім алу мүмкіндігін бағалап, қытай тілін жақсы меңгеруге және таңдаған мамандықты терең игеруге ұмтылыңыздар», – деді ол.
Екіншіден, елші жастарға Қытайды тереңірек тануға кеңес берді. Оның айтуынша, студенттер оқу мүмкіндігін пайдаланып, елдің әртүрлі өңірлеріне барып, қоғамы мен күнделікті өмірімен танысып, қазіргі Қытайдың даму ерекшеліктерін түсінуге тырысуы қажет.
Үшіншіден, Хань Чуньлинь жастарды Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың «ізгі ниет елшілері» болуға шақырды.
«Қытай туралы айтып, Қазақстан халқына шынайы, сан қырлы әрі тұтас Қытайды таныстырыңыздар. Сонымен бірге Қытай-Қазақстан достығының белсенді қатысушылары, дәнекерлері әрі жасаушылары болыңыздар», – деді дипломат.
Қытайда білім алу – болашақ мансапқа мүмкіндік
Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

2026 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстанда тіркелген қытайлық кәсіпорындардың саны 10 973-ке жеткен.
Оның айтуынша, қытай тілін меңгерген мамандардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктері де артып келеді. Мұндай мамандарға жұмысқа орналасу кезінде сұраныс жоғары әрі олар жоғары жалақыға үміт арта алады.
«Болашаққа ұмтылған қазақстандық жастар үшін Қытайда алған білім кәсіби дамудағы маңызды артықшылық әрі жаңа мансаптық мүмкіндіктерге жол ашатын өзіндік «алтын кілт» болады», – деді Хань Чуньлинь.
Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Елеусізова: Қытайлық кәсіпорындар қатысатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді
Кездесуде Қытайда білім алған түлектердің кәсіби мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды.
«Қытай ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Джамиля Елеусізова қауымдастық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – студенттер мен түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну екенін айтты.

Оның сөзінше, қауымдастық жыл сайын қытайлық кәсіпорындардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді.
«Бұл – студенттер қытайлық кәсіпорындардың өкілдерімен тікелей сөйлесіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін таба алатын жыл сайынғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі», – деді Елеусізова.
Оның айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты – жастарға кәсіби байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және жұмыс табуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру.
Сонымен қатар қауымдастық түлектерге дөңгелек үстелдерге қатысуға, кәсіби байланыстарын кеңейтуге және Қазақстан-Қытай қатынастарының даму барысынан хабардар болуға мүмкіндік береді.
«Біздің міндетіміз – олар үшін қарым-қатынас, кәсіби байланыс және тәжірибе алмасу алаңын құру, сондай-ақ қауымдастық ұсынатын мүмкіндіктер туралы, соның ішінде жұмыс іздеу және дөңгелек үстелдерге қатысу жөнінде ақпарат беру», – деді ол.
Елеусізованың айтуынша, кездесуге тек Қытайда білім алып жүрген және оны тәмамдаған азаматтар ғана емес, болашақта Қытайда білім алғысы келетін жастар да келген.

Ол мұндай кездесулердің студенттер мен түлектер арасында байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз түлектерді Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуынан хабардар етіп отыруға тырысамыз. Өйткені болашақты көп жағдайда жас ұрпақ айқындайды», – деді Джамиля Елеусізова.
Осылайша, Қытайда білім алған қазақстандықтар қауымдастығы тек бұрынғы студенттердің басын қосатын алаң емес, жастарға білім, кәсіби даму және жұмыспен қамту бағытында мүмкіндік беретін орта ретінде қалыптасып келеді. Ал Қытайда білім алып жатқан студенттер үшін бұл орта тәжірибе жинауға, кәсіби байланыс орнатуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосуға жол ашады.
